«Қазақстан» Ұлттық телеарнасы 1958 жылы наурыздың сегізінде қызметін бастады.

Қазіргі уақытта телеарна көрермендерді қамту жағынан республикамыз бойынша алдыңғы қатарда тұр.

«Қазақстан» Ұлттық телеарнасы

Мемлекеттік ақпарат саясатының ең ықпалды ресурстарының бірі саналатын Республикалық «Қазақстан» телерадиокорпорациясы АҚ құрамында «Қазақстан» Ұлттық арнасы, «Қазақ радиосы», «Шалқар» және «Астана» радиосы бар. Бұған қоса, кең-байтақ еліміздің түкпір-түкпірінде он төрт облыстық филиалы жұмыс істейтін мекеме 2010 жылдан бері өрісін кеңейтіп, балаларға арналған «Балапан», 2011 жылдан «Мәдениет» телеарнасын
іске қосты. Отандық телевизияның алғашқы қарлығашы ретінде ірге көтеріп, бүгінгі таңда Республика көрермендерінің 100 пайызын дерлік қамтитын  «Қазақстан» Ұлттық арнасы көршілес Ресей Федерациясы аумағына, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркменстан, Моңғолия және Шыңжан-Ұйғыр автономиялық ауданы өңірлеріне хабар таратады.
 
Мемлекет атын иеленген Бірінші арнаның жаңа заманғы ең үздік құрылғылары техникалық аса күрделі тікелей трансляцияларды жүргізуге де зор мүмкіндік туғызып келеді. Мәселен, Мемлекет басшысының елдің барлық облыстарымен жүргізген телекөпірлері немесе әскери мерекелік парадтар,  НАТО Саммиті, ЕҚЫҰ елдері-қатысушылары Сыртқы істер министрлерінің бейресми кездесуі, дүбірлі Азиада сияқты көптеген шаралар Ұлттық телеарнаның толықтай техникалық қолдауы арқылы өткізілді.
 
Бүгінгі таңда Ұлттық телеарна эфирінде әртүрлі жастағы көрермендерге арналған жаңалықтар мен ерекше ток-шоу жанрлары, ойын-сауық және танымдық бағдарламалар, қоғамдық-саяси, экономикалық хабарлар, сондай-ақ, мемлекеттік тілді дамытуға негізделген жобалар көптеп саналады. Әлемнің түкпір-түкпірін қамтитын тілшілік желі жаңалықтар қызметіне елдегі және төрткүл дүниедегі барлық маңызды оқиғаларды шұғыл түрде жариялап отыруға мүмкіндік тұғызады. Бұл бағытта Ұлттық арнаның таңертеңгілік ақпараттық-сазды «Таңшолпан» бағдарламасының алар орны айрықша.
Сол секілді миллиондаған спорт жанкүйерлері де «УЕФА чемпиондар лигасы», «УЕФА Еуропа кубогі» сынды тартыстарды тамашалап, жерлес сайыпқырандар қатысатын өзге де көптеген ірі спорттық жарыстарды Бірінші Ұлттық арна арқылы көріп жүргені анық. Әсіресе, «Қазақстан» Ұлттық арнасы 2011 жылғы Қысқы Азиада ойындарын жан-жақты көрсеткені осының айғағы.
 
Күнде буырқанып, күнде өзгеріп жататын алмағайып дүниеде осындай дүбірлі спорттық бағдарламалармен қатар көңіл серпілтетін ойын-сауық хабарларына да ден қоятын Бірінші Мемлекеттік арна «Екі жұлдыз», «Кеш жарық» сияқты музыкалық шоуларын да мейлінше жаңа форматта шығарып, көрермен көзқуанышына айналдырды. Әлемдік кеңістікке көз тігумен қатар ежелгі ұттық құндылықтарға да дендеп бет бұрған бұқара көпшіліктің көңілінен шыққан бағдарламалардың қатарынан «Сен сұлу» хабарының алатын орны ерекше.
Өз көрерменін тапқан айрықша бағдарламалардың бірі - әуелден рухани өмірі аса бай, эстетикалық құндылықтары айрықша тартымды халқымыздың қолданыстан шығып қалған көне сөздерін тірілтуге бағытталған «Сөз мерген» екені даусыз.
Сән-сымбаты жарасып, әуелетіп ән салғанда асқақ даусы алты қырдан асатын қазақтың жезтаңдай әншілері дәстүрін үндейтін «Сегіз қырлы» да таңдаушысын бей-жай қалдырмайды. Сондай-ақ, ұрпақты ұлттық мәдени құндылықтардың бағасын білуге баулып, бүлдіршіндер арасынан сол лайықты дәстүрді жалғастыратын болашақ өнер жұлдыздарын іріктеуге негізделген «Айгөлек» бағдарламасы да халық сүйіспеншілігіне бөленгелі көп болды. Ал отбасылық-ойын-сауықтық «Толағай» хабары халықты салауатты өмір салтын уағыздап, қымбат уақыттың қадірін білуге, сергектік, сымбаттылық сырын ұғуға үндейді.
   
«Қазақстан» Ұлттық арнасы көрсетілімдерінің елеулі үлесі көркем фильмдер мен сериалдардың трансляциясына беріледі. Телеарна эфирі барлық фильм жанрларын ұсынып отырады - әлемдік классика, детектив, комедия, арт-хаус, триллерлер және экшн-фильмдер. Қазір қазақ елі көрермендеріне түрік және корей халқының үздік телесериалдары көрсетіліп келе жатқанына бірнеше жылдың жүзі болды.
Ал негізгі орын отандық «Қазақфильм» киностудиясының «Тақиялы періште», «Менің атым Қожа», сондай-ақ, соңғы жылдардағы «Қызжылаған», «Көшпенділер», «Біржан сал» сияқты туындаларына беріліп жүр.
Ұлттық арна түрлі жанрлардағы бағдарламалар шығарумен қоса көркемсуретті фильмдер жасаумен де айналасып келеді. Оған мысал ретінде жаңа заманғы көпшілік-ситком жанрында түсірілген «Айналайын», «Астанаға көктем кеш келеді» сияқты дүниелерді атауға болады.
    
Қазір жобалар өндірісінде телехабарлар таратудың виртуалды студиясы сияқты ең соңғы жетістіктері кеңінен қолданыла бастады. Графикалық технологияның дамуына байланысты жарық қою құпияларын жіті пайдалану арқылы жүзеге асатын виртуалды декорациялар жасау мүмкіндігі пайда болды. Телеарна жуырда өндірістің, сондай-ақ бейнеконтентті өңдеу мен сақтаудың сантаңбалық технологиясына көшті. Бұл жүйені іске асыру оперативтілікті көтерумен бірге телеарна шығармашылық бірлестіктерінің еңбек өнімділігін арттыруға зор мүмкіндік туғызады. Бүгінде белгілі бір оқиғаны жан-жақты қамтып көрсете алатын «Қазақстан» телеарнасындағыдай он екі камералық жылжымалы телевизия құрылғы ТМД елдері телевизиясының көпшілігінде жоқ. Бұл техниканың ең соңғы буыны саналады.
 
«Қазақстан» - бүгінде телевизиялық танымдық-тағылымдық, көңілашар-ойын-сауық, спорттық бағдарламалары өндірісінде көшбасшы орын алып, ұдайы даму үстінде келе жатқан үздік телеарналардың бірі.