01 қаңтар
06:00

Тақырып бойынша жаңалықтар

Қазір бекіре тұқымдас балықтардың уылдырық шашатын кезі. Балықшылар тағатсыздана күтетін кезең бұл. Қазақтың бекіресінен дәметіп браконьерлер алыс-жақын шетелдерден ұрланып келеді. Заңсыз ау құрған 19 балықшы өткен жылы Каспий теңізінде қолға түсті. Олардан жарты тонна бекіре мен 40 келі қара уылдырық тәркіленген. Ауыл шаруашылығы министрлігіндегі Балық шаруашылығы комитеті бүгін браконьерлермен күресудің жаңа жолын ұсынды. Комитет төрағасының міндетін атқарушы Бауыржан Жұмажанұлы кеден бекеттерінде бақылауды күшейту керек дейді. Бұл заңсыз ауланған балықты шекарадан алып өтетіндерге тосқауыл болмақ. Комитет сондай-ақ биылдан бастап аймақтардағы бассейндік инспекторлардың орнын бір-бірімен ауыстырып отырмақ. Бұл инспекторлар арасындағы парақорлықты жояды деген үміт бар. Ал пара алып, браконьерлермен ауыз жаласқан инспекторлар қатаң жазаланатын болды. Ондай инспекторларды анықтау үшін комитеттің жанынан  арнайы топ құрылады.
 
Бауыржан Жұмажанұлы, ҚР АШМ балық шаруашылығы комитеті төрағасының міндетін атқарушы:
Ол топ, әрине, комитеттің тарапынан болады. 4-5 инспекторлар құрамынан болады. Сол жергілікті жерге осы комитет арқылы немесе  министрдің тікелей тапсырмасы арқылы жіберілетін болады.
 
Қытайдан келетін тауарлардың да сапалысы болады екен. Мысалға осы елден жеткізілетін аулар күннің көзінде, судың түбінде жатса да шірімейді. Негізінде, мұндай аулармен балық аулау біздің заңмен тиым салынған. Алайда контрабандалық жолмен келетін ауларды браконьерлер әлі күнге дейін пайдаланып жүр. Кейбір торлар судың түбінде қалып, мыңдаған балықты босқа қырып жатқан көрінеді. Балық шаруашылығы комитеті осындай ауларды сататын дүкендерде арнайы тескеріс өткізуді ұйғарып отыр.
 
Думан МҰХАМЕТКӘРІМ
*Жаңалықтармен бөліскіңіз келсе кері байланыс арқылы хат жазуларыңызға болады.