Бөлімдегі өзге де бейнематериалдар:
Қырсық бір айналдырғанды шыр айналдырады. Темірлан ауылында тұратын Қапланбековтердің баспанасы осыдан төрт жыл бұрын да тасқыннан құлап қалған еді. Отағасы қираған үйді өз күшімен қайта түзетіп болдым ба дегенде, тағы да төтеннен келген топан судан шатыры опырылып ортаға түсті. Әбүйір болғанда, 4 баласы мен әйелін қауіпсіз жерге ертерек апарып үлгерді. Өзге дүние-мүлік сол күйі үйіндінің астында қалды.
Алтынбек Қапланбеков, Темірлан ауылының тұрғыны:
Бала-шағамызды ертерек апарып қойдық. Документтерімізді алдық. Қалған жүк-дүниелер соның ішінде қалды. Үй бүгін түнде құлады ғой. Екі күн судың астында тұрды.
Үйлері су ортасында қалған өзге жұрт қазір қауіпсіз аймақтағы ағайын-туыстарының үйлеріне көшіп жатыр. Баспаналарының сырты бүтін болғанымен, кірпіштері суға езіліп, қабырғалар әзер қалқайып тұр.
Қалысхан Егізекова, Темірлан ауылының тұрғыны:
Сарқырап, кәдімгідей гүрілдеп келіп, есіктің алдынан, огородтан өтіп, үйіме кірді. Көшеден келген судың екеуі сарайымды шайып өтіп жатыр. Сонымен қайнымның үйіне, сарайына болса да көшіп апарамын деп сол жаққа бара жатырмын енді. Бала-шағамды бірақ аман-есен алып қалдым.
Аудандағы мектептер мен балабақшалар апаттан аман. Тасқынға тап болған тек Бадам ауылындағы аурухана. Нысан осыдан бір ай бұрын ғана пайдалануға берілген болатын. Құрылыс кезінде жер қыртысы дұрыс тапталмағандықтан, аурухананың жертөлесі адам бойындай жерге дейін суға толып қалды. Ғимарат апатты жағдайда болғандықтан, ем алып жатқан 20 науқас орталыққа ауыстырылды.
Нұрбек Асқарұлы, аудандық орталық аурухананың шаруашылық меңгерушісі:
Асхана бар, кір жуу цехы бар және автоклаб. Осы үшеуі подвалда орналасқан ғой. Сондағы құрал-жабдықтың барлығы істен шықты. Өйткені, су барлығын басып қалған.
Кешеден бері өңірде күн күрт суытып, арнасын таппаған су аулаларда мұз болып қатып қалды. Құтқарушылар осыны пайдаланып, іркілген суларды қауіпсіз жерге сорып алып тастауға әрекет етіп жатыр.
Владимир Божко, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:
Аймақта құтқарушылармен бірге ішкі әскер сарбаздары да жұмыс жасап жатыр. Ол оңтүстік өңірде қызмет етіп жатқан 150-ге тарта әскерилер. Бұл жұмыстарға екі тік ұшақ та тартылған. Кешелі бері аймақта аяз күшейіп, қар жауып тұр. Яғни, аққан су қатып қалды. Осыны пайдаланып, біз құтқару операцияларын жүргізіп, Ордабасы ауданындағы іркіліп қалған суды сорып алмақпыз.
Темірлан ауылындағы мына мөлтек аудан Байкал деп аталады. Бұған дейін сай-саланы қуалап ағатын жаңбыр мен қар су осында жиналатын. Соған қарамастан, осыдан он шақты жыл бұрын жер телімдері беріліп, жаңадан баспаналар бой көтерді. Әйткенмен, бұл аймақ жұртқа жайлы қоныс бола алмай тұр. Өйткені осыдан төрт жыл бұрын да дәл осы мөлтек аудандағы 53 үйді су басып, құлап қалған болатын. Құтқару жұмыстарына төтенше жағдай қызметкерлерінен бөлек, Шымкенттегі ішкі әскердің 150-ден астам сарбазы жұмылдырылған. 130-дай техника арналарды тазартып, бөгеттерді биіктетіп жатыр. Құтқарушыларға екі тікұшақ та көмекке келді.
Шоқан Кенжеев, Ордабасы ауданының әкімі:
Уақытша тұрақжайларға 38 жанұя көшірілді ғой. Барлық мүмкіндіктерді жасадық мүлкін көшіремін деген азаматтарға. Транспортпен көмек көрсеттік. Жалпы, қазіргі таңда көмек керек азаматтар осы штабқа келіп барлық көмектерін алып жатыр.
Ауданда төтенше жағдайға байланысты арнайы комиссия құрылды. Үш топқа бөлінген тексерушілер құлаған, қираған баспаналар мен қора-жайларды көріп шығып, бүлінген дүние-мүліктің құнын есептеп шықпақ.
Ғани ҚАЛМАХАНОВ
*Жаңалықтармен бөліскіңіз келсе кері байланыс арқылы хат жазуларыңызға болады.










Көшіру | pdf
