01 қаңтар
06:00

Тақырып бойынша жаңалықтар

Оңтүстік Қазақстан облысында төтенше жағдай. Ақпан айында аймаққа қар қалың түсті. Ал бұдан бірнеше күн бұрын нөсер жаңбыр жауып, өзендердегі судың деңгейі күрт көтерілген. Оның үстіне жауынның  салдарынан таулы жердегі қар еріп, бірнеше елді мекенді су басып қалды.  Тасқыннан  көбірек  зардап шеккен - Ордабасы ауданы.  Аймақта қазір  Астана, Алматы және Жамбыл мен Қызылордадан жеткен жасақтар құтқару жұмыстарын  жүргізіп жатыр. Мұнда су бөгеттерін тұрғызу үшін 2 жарым мыңға жуық адам, мыңға тарта арнайы техника тартылды. Тасқыннан келген шығын мөлшері әзірге есептеліп болған жоқ. Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божконың айтуынша, дер кезінде қолға алынған алдын-алу жұмыстарының арқасында оңтүстік өңірдегі бірнеше аудан су тасқынынан аман қалды. Арыс, Сарыағаш, Отырар және Түркістан аудандарында күні бұрын арнайы бөгеттер тұрғызылған.
 
Владимир Божко, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:
Аймақта құтқарушылармен бірге ішкі әскер сарбаздары да жұмыс жасап жатыр. Ол оңтүстік өңірде қызмет етіп жатқан 150-ге тарта әскерилер. Бұл жұмыстарға екі тік ұшақ та тартылған. Кешелі бері аймақта аяз күшейіп, қар жауып тұр. Яғни, аққан су қатып қалды. Осыны пайдаланып ,біз құтқару операцияларын жүргізіп, Ордабасы ауданындағы іркіліп қалған суды сорып алмақпыз.
 
Осы Ордабасы ауданындағы  Темірлан аулында  қазір біздің түсіру тобымыз жүр. Тілшіміздің хабарлауынша, топан су елді мекендегі 13 түтіннің үй-жайын, қора-қопсысын тегіс шайып кеткен. Тасқын судан жапа шеккен ауылдың  ахуалы жайлы қорытынды хабарымызда әлі де тарқатып айтатын боламыз.
*Жаңалықтармен бөліскіңіз келсе кері байланыс арқылы хат жазуларыңызға болады.