Бөлімдегі өзге де бейнематериалдар:
Берік Нұрқамитұлы Степногорск қаласының өндірісі дүркіреп тұрған шақта сондағы техникалық оқу орындарының бірінде сылақшы-сырлаушы мамандығын меңгерген. Одан бері де ол шалмаған кәсіп қалмаған. Тракторды да тізгіндеді, малшы да болды. Ал біраздан бері жұмыссыз жүрген Берік мемлекеттің қолдауының арқасында жаңа істің көзін тапты.
Берік Күзібаев, шаруа:
Мен тәуекелге барып, мемлекет беріп жатқан 3 млн. теңге несиеден алдым. 5 жылға 7 пайыздық үстемақысымен берілді. Өте тиімді. Ол ақшаға он бес шақты сауын сиыр алып, қазір олар төлдеп те жатыр. «Жұмыспен қамту» бағдарламасының аясында Астанаға барып, тегін оқып келдім. Соның арқасында мал шаруашылығының қыр-сырын жетік меңгеріп алдым деп ойлаймын.
Келешекте мал бордақылаумен ғана айналысқысы келетін шаруа бұл істің «Бісмілләсін» бастап та жіберді. Көрші қожалықтан американың «ангус» тұқымдас бұқаларын сатып алды. Оның әрқайсысы 300 келі еттен кем тартпайды.
Берік Күзібаев, шаруа:
Жем жеген малдың сүті құнарлы, еті де тәтті болады. Қазір жемге био-дәрумендерді қоса беремін малға. Бұрын алыстан келуші еді мұның өзі. Қазір өзіміздің Степногорск қаласында био-дәрумендердің неше түрі сатылады. Әрі арзан. Жақсы болып қалды.
Мемлекет жәрдемінің арқасында екі қолға бір күрек тапқан Берік Күзібаев шаруашылық жұмысына 4 адамды тартқан. Оның екеуі сауыншы болса, екеуі падашы. Ата кәсіптің нәсіптісін естіген ауылдасы кеңеспекке Берікке келді.
Сатыбалды Өтепов, ауылдасы:
Ауылдастардың біразы кредит алып шаруашылықпен айналысып жатыр екен. Жақсы бағдарлама екен. Соның жай-жапсарын білейін деп келдім. Мен несие алып айналыссам деймін. Шаруашылықты көтеруге болады.
«Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасының аясында азаматтар алдымен білімін жетілдіруі тиіс. Одан кейін қажетті құжаттарды жинаса, несие де ала алады. Ол да өз ынта-ықыласыңызға байланысты. Бір ғана Қарабұлақ ауылынан 13 адам Астанада бір айлық курсты тәмамдап келсе, оның бесеуі былтыр желтоқсан айында қаражатқа қол жеткізіп, мал шаруашылығымена айналысып та кетті.
Мөлдір НҰРМАН
*Жаңалықтармен бөліскіңіз келсе кері байланыс арқылы хат жазуларыңызға болады.










Көшіру | pdf
