01 қаңтар
06:00

Тақырып бойынша жаңалықтар

Еліміздегі шаруалар да, шенеуніктер де көктемгі егіс жұмыстарына жан-жақты әзірленіп жатыр. Осы жылы егістік көлемі ұлғайып, диқандарға берілетін несие арзандайтын болды. Бұл туралы осы аптадағы Үкіметтің отырысында айтылды. Министрлер кабинеті жанар-жағармай құны қымбаттап кетпес үшін, қазірден қамданып жатыр. Шаруаларға сеп болатын субсидия жайы да назарда. Алайда, Үкіметтің береген қолы алаған. Өнім өндірушілер мен диқандар мемлекеттік жеңілдіктің есесін азық-түлік бағасын арзандату арқылы қайтаруы тиіс.
 
Жалпы, соңғы жылдардағы ахуал егіннен мол өнім алу үшін тек қана ұлан-ғайыр жердің жеткіліксіз болатынын көрсетіп отыр. Ең бастысы сол жерді қалай болса солай тілгілей бермей, ылғалын сақтап, тиімді пайдалану қажет. Сонда жердің құнарлылығы да сақталады, астық та мол болады. Осыны түсінген солтүстіктің диқандары соңғы жылдары егін егудің нөлдік технологиясын игере бастады. Ал батыс өңірлер бұл жаңашылдықтан кенже қалды және былтырғы қуаңшылықта осының кесірін де тартты. Сондықтан Үкімет келешекте тың тәсілді елімізде жаппай енгізгелі отыр.
 
Бұл күндері егінді салып қойып, көктен жауып тілеп отыра беретін заман өтті. Бидайыңыз бітік шықсын десеңіз, ылғал сақтайтын технологияны қолданыңыз. Мәселен, нөлдік технология – әлем бойынша кең таралған тиімді тәсіл. Мұндай тың тәсілге көшкен диқанның бірі – қостанайлық Ыбыраш Естаев. Шаруа көктемгі егіске сақадай-сай. Дән себетін техникасы жаңа, тұқымы дайын. 10 мың гектар жерге егін салатын диқанның, нөлдік технологияны игергеніне 5 жыл болды.
 
Ыбыраш Естаев, диқан:
 
Менің шаруашылығым да өте үлкен пайда әкелді. Оны мен сезінемін. Қалай болғанда да, мен ертеректен ауыл шаруашылығымен айналысқан адамның бірімін. Сондықтан қазір мен салыстырам сол кездегі уақыт пен қазіргі уақытты. Мысалы, былтырдың өзінде өте қолайсыз ауа-райы болды, соның өзінде біз 14 центнерден алдық. Сол жаңағы ылғал сақтап нөлдік технологияны қолданғанның арқасында.
 
Нөлдік технологияның пайдасын тек шаруалар ғана емес, шенеуніктер де біле бастады. Бұл мәселе осы аптада Үкіметтік деңгейде талқыланды. Тың тәсілдің қыр-сырына әбден қаныққан ғалым әрі диқан Валентин Двуреченский Үкіметтің отырысына арнайы келіп, ылғал сақтаудың құпиясын министрлерге қарапайым тілмен түсіндіріп берді.
 
Валентин Двуреченский, шаруа қожалығының басшысы:
 
Астық жинаған кезде бидайдың сабағы мен тамыры топырақта қалады. Яғни, астықты ғана жинап аламыз да, қалғанын толықтай топыраққа қайтарамыз. Бұл егін еккен кезде жерден сорып алынған пайдалы минералдардың өтемақысы десе де болады. Осы тәсілді қолдансақ, егістіктің көлемі 10 жылда 1,5 есе, ал 20 жылда 2 есе өседі. Ылғал сақтау технологиясының артықшылығы осы.
 
Өмірзақ Шөкеев, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:
 
Соңғы жылдардағы тәжірибе барлық мәселенің технологияға келіп тірелетінін көрсетіп отыр. Өткен жылы қуаңшылық болғаны белгілі. Біз тек қана осы технологияның арқасында орташа өнім алдық. Ал бұл технологияны пайдаланбаған батыс облыстар өнім алғанды қойып, қазір себетін тұқымға зар болып қалды. Бірақ, ол проблеманы шештік. Соңғы жылдары солтүстік облыстар бұл технологияны меңгере бастады. Ақтөбе мен Батыс Қазақстан да осыған көшуі керек деп кеңес беремін. Тіпті, керек десеңіз, жерін жыртып, егінін салып, қарап отыратын диқандарды мүлде егіске жібермеу керек. Қазіргі талап басқа.
 
Биыл еліміздегі егістік алқабының жалпы көлемі 21 миллион 300 мың гектарды құрайды. Оның 16,5 миллион гектары дәнді дақыл болса, 1,7 миллион гектарға майлы дақылдар себіледі. Оның ішінде бұршақ дақылдары, жем-шөп көлемі, көкөніс және қант қызылшасының алқабы анағұрлым артады. Ол үшін Үкімет шаруаларды ынталантырады.
 
Ақылбек Күрішбаев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
 
Мал азығы ұлғаю үшін биыл болжам бойынша арпа мен бұршақ дақылдарының алқабы 84 мың гектарға, шөп дақылдарының алқабы 85 мың гектарға өсу керек. Бұл сұранысқа байланысты. Содан кейін біз биыл субсидия беруге өзгеріс енгізіп отырмыз, егер көпжылдық шөп ексе, 1-2-3 жылға субсидия беретін боламыз.
 
Қазір егіс жұмысына керекті техникалардың 88 пайызы жөндеуден өтіп, науқанға әзір тұр. Ал шаруашылықтар дәнді-дақыл тұқымымен 98 пайызға дейін қамтылған. Тек тарығып отырған Батыс Қазақстан мен Ақтөбе облыстарына мемлекеттік ресурстан тұқым бөлінеді. Көктемгі науқан кезінде баға шарықтап кетпес үшін 354 мың тонна жанар-жағармай бөлінеді. Диқандар оның әр литрін 68 теңгеден сатып алады. Ішкі нарықта баға қанша құбылса да, алдын-ала белгіленген бұл мөлшер өзгермейді.
 
Сауат Мыңбаев, ҚР Мұнай және газ министрі:
 
Дизельдік отынның қазіргі нарықтық бағасының 76 теңге екенін ескерсек, біздің 11 пайызға жеңілдікпен беріп отырмыз деген сөз. Ал оны іске асыру мехинзмі бұрынғыдай. Біздің министрлік Ауыл шаруашылығы миинстрлігімен бірлесіп, жағармай өндірушілерді әр облысқа бекітіп қояды. Содан кейін әкімшіліктер арзан жағармайды шаруаларға жеткізіп беретін операторды белгілейді. Біз бәрін бақылап, мониторинг жасаймыз.
 
Биыл Үкімет сонымен қатар «ҚазАгро» арқылы, егіс жұмыстарын несиелендіру үшін 78 миллиард теңгені шаруаларға 8 пайызбен береді. Былтырғы несиенің үстемесі 12 пайыз болғанын ескерсек, 8 пайыздың сеп болары сөзсіз. Астанада айтылған жағымды жаңалықты қазір аймақтар қуана қабылдап отыр.
 
Анатолий Рафальский, серіктестік басшысы:
 
Көктемгі егіс жұмыстары қарсаңында жақсы хабар естіп отырмыз. Биылғы көктемгі жұмыстарға былтырғыға қарағанда көп қаржы, яғни, 78 миллиард теңге бөлінеді екен. Ең бастысы несиенің пайыздық мөлшері айтарлықтай төмен. Соның арқасында науқанға жан-жақты дайындалып, жұмысты тиімді жүргіземіз деп ойлаймын.
 
Тағы бір тың жаңалық, биылғы жылы егістікті судсидиялау тәртібі өзгереді. Бұрын жалпыға ортақ ереже болса, енді әр аймақтың ерекшелегі ескеріледі.
 
Ақылбек Күрішбаев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
 
Субсидиялау нормативін бұрынғыдай Үкімет тағайындамайды, қазір әкімдердің өздері ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп бекітетін болады. Сонда бір жағынан әр аймақтың өз табиғи ерекшелігіне назар аударылады және дәнді дақылға қолданылатын әр технологияның шығыны да есепке алынады. Сонымен қатар әрбір әкім азық-түліктің өсуіне байланысты субсидия қоюына мүмкіндік алады.
 
Осылайша Үкімет әзірге барлық негізгі мәселе шешілді деп отыр. Қазіргі болжам бойынша ауа-райы да қолайлы. Ендігі міндет жер-жерде әкімдер көктемгі егістің ойдағыдай өтуін қатаң бақылауы тиіс. Ең бастысы, Үкіметтің бұл салаға бөлген көңілі мен қаржысы, түптеп келгенде азық-түлік бағасының арзандауына ықпал етуі тиіс.
 
Нұртас Солтанұлы
*Жаңалықтармен бөліскіңіз келсе кері байланыс арқылы хат жазуларыңызға болады.