Оқырман хаттары
Құрметті «Таң Шолпан» ұжымы!
Мен, АҚШ-тың Браунсвилл қаласында білім алып жатқан Қазақстан азаматшасымын. Қазақстандық көрермендер таңды «Таң Шолпанмен» қарсы алғанда, АҚШ-та түн. Мен осы бағдарламаны ұйықтамай күтіп отырамын. Елді сағынып, жақсы жаңалықтарды онлайнда тікелей көріп, қуанып отырамын.
Осы бағдарлама арқылы барлық Қазақстандықтарды және осы арнаның ұжымын Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығымен құттықтаймын. Елге тыныштық, халқыма аманшылық, әр отбасына қуаныш пен жақсылық алып келсін!
Игі тілекпен,
Замарт Рамазанова
Асқақ арман, қайсар рухтың жемісі - Тәуелсіздік!
Ата-бабамыз аңсап өткен қастерлі ұғым – Тәуелсіздік! Қазақ жұрты ғасырлар керуеніне ілесіп, көппен бірге көріп жатыр ұлы тойын. Егемен еліміз еңсесін тіктеп, қол жеткізген толайым табыстарына марқаюда. Жиырма жылда қомақты іс тындырылып, қазақ елі өзгелерге үлгі болғаны жасырын емес. Исі қазақтың баласы мұны жақсы біледі. Осы орайда веб сайт редакциясының қоржынына құттықтау хаттар, ұсыныс, пікірлер толассыз келуде. Редакция ұжымы жүрекжарды ой-пікірін ортаға салған оқырмандарға алғыс айта отырып, үшбу хаттарды оқырман назарына ұсынуды жөн көрді.
Тәуелсіздік жасай берсін мәңгілік!
Бауырына сан ұлттың жиған бәрін,
Жайқалып тұр бүгінде иран бағың.
Тәуелсіз ел ұрпағы құтты болсын,
Бүгінгі тойлап жатқан мейрамдарың.
Көк байрақты желбіретіп жоғары алып,
Қуанышқа бәріміз ораналық.
Осылай өркендеген мемлекеттің,
Әлі де талай жасқа толары анық.
Тәуелсіздік – бабалардың жеңісі,
Болсын деген аман, тыныш ел іші.
Тәуелсіздік келе жатқан ертеден,
Асқақ арман, қайсар рухтың жемісі.
Келгені жоқ егемендік жай ғана,
Қорғап елді бабаларым қайда да?!
Бабалардың арқасында аман-сау,
Балаларға мұра болған бай дала!!!
Азаттығы ерте кезден арман боп,
Елі үшін құрбан болып қалған көп.
Тәуелсіздік оты сөнбес ешқашан,
Өр халықтың жүрегінде жанғанда от.
Осындай бір күрестердің мысалы,
Жанды ауыртып, жүректерді қысады.
86-шы жыл мұз жастанып жастарым,
Желтоқсанда қар жамылған құшағы.
Желтоқсанның желін өпкен ызғарлы,
Ұмытпайық өр намысты жігіттер мен қыздарды.
Ерліктердің арқасында артында,
Тәуелсіздік аталатын із қалды.
91-де тәуелсіз боп танылды,
Азат елдің шамшырағы жағылды.
Нық сеніммен елді бастап ел басы,
Болашақтың сара жолы салынды.
Қиындыққа мойымаған, шыдаған,
Елі үшін еңбек етті бұл адам.
Ел басы боп орналасты тағына,
Көшбасшысы қазағымның Нұр ағам.
Түріп тастап бодандықтың пердесін,
Бастап кетті елі үшін ер де ісін.
Салиқалы саясаттың жемісі:
Қабылдады Ата Заңын, теңгесін.
Рәміздер өзі алдына бір бөлек,
Елімізді қуанышқа тұр бөлеп.
Тәуелсіз боп қалыптасқан Қазақстан,
Әлі талай жақсарады,гүлдемек.
Тәуелсіз ел биік боп шаңырағың,
Патриот боп өссінші әр ұланың.
Көк байрағың желбіреп биіктерде,
Шырқалсыншы үзілмей әнұраның.
Бірлік бар да тірлік болар – заңдылық,
Бірліктерің жүрсін елім жаңғырып.
Елім аман, жұртым тыныш боп әр кез,
Тәуелсіздік жасай берсін мәңгілік.
Рысбек ҚАЛИЕВ, Ақтөбе қаласы
«Иман айнасын» үзбей көремін
Құрметті телеарна!
Сіздерден беріліп жатқан «Иман айнасы» бағдарламасын жұма сайын үзбей көремін. Мұндай халыққа пайдалы бағдарламалар барлық каналдардан жоғалып кеткен еді. Сіздердің бірінші болып бастағандарыңыз өте жақсы болған екен. Ата-бабаларымыздың ұстанған жолын көрсетіп жатқандарыңызды мен қашан да қолдаймын.
Халыққа пайдасы мол, үлкен шаруа атқарып жатырсыздар. Еңбектеріңіз жемісті болсын! Алдарыңыздан жарылқасын!
Бауыржан АЙТБАЕВ
Шымкент қаласы
Сұрағыңыз немесе ұсынысыңыз болса, хат жазыңыз. Біз міндетті түрде жауап береміз.
* - толтырылуы міндетті жолдар
* - толтырылуы міндетті жолдар

