Ақпанның 22 күні Саяси шешімдер институтының конференц залында мәдени-танымдық «Екпін» атты онлайн-журналының таныстырылымы өтеді.
Еске сала кетейік, 19 қаңтар күні қазақстандық Yvision.kz блог-тұғырнамасы мәдени-танымдық «Екпін» атты онлайн-журналды жарыққа шығарған еді. «Екпін» - өнер мен шығармашылықты өмірдің бөлінбес бөлшегіне айналдырған жастар жайында сөз етеді. Жобада жастардың жетістіктері, өмірлік ұстанымдары, көзқарасы бірінші орында тұрады. Сұхбаттармен қоса, онлайн-журнал тілшілері Алматының мәдени шараларынан қалыс қалмай, фото-материалдар, сонымен қатар, түрлі мамандық иелерімен таныстырып, кітапханадағы мұрағаттарды қопарып, Қазнетте әлі жарияланбаған өнер, тарих, әдебиетке қатысы бар қызықты материалдарды ұсынып тұрады.
Баспасөз мәслихаты барысында Қазнеттің бос сегменттері, Рунеттің lifestyle жобалар тәжірибесі, жобаны желіде жарнамалау әдістері, жаңа шешімдер, контенттік жобалардың монетизациясы мәселелері де талқыланады.
Шараға Yvision.kz блог-тұғырнамасының коммерциялық директоры Бекежан Кембаев, танымал тележурналист Амангелді Сейітхан, сонымен қатар «Мега» СОСО PR бөлімінің жетекшісі, Voxpopuli.kz жобасының басшысы Әлішер Елікбаев қатысады.



Көшіру | pdf
