01 қаңтар
06:00

Тақырып бойынша жаңалықтар

Маңғыстауда мүгедектер спорты кенже қалып келеді. Талай додаларда топ жарған  жарымжан спортшылар бұрыш жағалап жүр бүгінде. Жөні түзу жаттығу залы жоқ. Елбасы биылғы Жолдауында спорттық кешендер қарапайым халыққа қызмет көрсетуі керек екенін айтқан еді. Ал Ақтау қаласында әлі күнге дейін ел намысын қорғап жүрген кемтар спортшыларға арналған бірде-бір спорт кешені жоқ. 
 
Асылбектің тағы бір жаттығу күні басталды. Оның осы клубқа келгеніне осымен 10 жыл. Екінші топтағы мүгедек ауыр атлетикадан халықаралық және республикалық жарыстарда ел абыройын асқақтатып жүр. Бұған дейін балабақша мен мектептердің спорт залын пайдаланған еді. Енді жылуы жоқ, санитарлық талапқа сай келмейтін спорт кешенінде дайындалып жатыр.
 
Асылбек Өтешов, мүгедектер арасында ауыр атлетикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері:
Бес жасымнан мүгедек болып қалдым. 2000 жылдан бастап осы мүгедектер арасындағы спортпен айналысамын. Қазіргі таңда бізге жаттығатын жылы спорт кешені керек.
 
Осыдан 20 жыл бұрын облыста мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт федерациясы ашылды. Ал 2004 жылы мүгедектер спорт клубы құрылды. Қазір осы клубта жүзден аса спортшы бар. Бірақ жаттығатын арнайы орын болмағандықтан, бастары құрала бермейді.
 
Нұралы Құлышев, облыстық мүгедектер спорт клубының директоры:
17 мөлтек ауданда үлкен спорт кешені салынады деп, 6 зал болады, сол 6 залдың ішінде 2 зал мүгедектерге арналаған зал болады деген. Енді сол 4 жылдан асып кетті, сол әлі басталған жоқ. Облспортта макетін көреміз сол ғимараттың, әдемі жасалған. Бірақ енді қашан басталатыны белгісіз.
 
Елбасы биылғы Жолдауында елдегі спорттық кешендері қарапайым халыққа қызмет етуі керек деген жаңа тапсырма жүктеді. Спорт кешендерінің кез келгенге қолжетімді болуын, бұқаралық спорттың дамуын қадап тапсырды. Маңғыстаулық жарымжан спортшылар осы талаптың орындалуынан үмітті. Ал жергілікті спорт басқармасы мәселені шешуде қиындықтар бар екенін алға тартып отыр.
 
Сергей Пахомов, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының бастығы:
Иә, мүгедек спортшылардың жетістіктерін ауыз толтырып айтуға болады. Өкінішке орай, әзірге арнайы кешен жоқ. Бұған дейін олар балабақша мен мектептерде спортпен шұғылданып келді. Жарымжан жандарға мүмкіндік жасау үшін келешекте спорт кешенін салу жоспарда бар. Ол  болашақтың еншісінде.
 
Клубтағы 100-ден аса спортшының 38-і - Қазақстанның спорт шебері, 14-і - халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Еліміздің ең үздік суға жүзушілері мен отырып ойнайтын волейболшылары да осы Маңғыстаудан шықты. Жергілікті құрама елімізде он дүркін және Азия ойындарының екі дүркін чемпионы болды. Осыншама жетістікті қайыспай арқалаған спортшылар өз спорт кешенінде дайындалатын күнді асыға күтеді. Ал қыс қаһарына мінді. Мүгедек жандар салқын залда сырт киіммен жаттығуға бел буды.
 
Жазира ӘБІЛ
*Жаңалықтармен бөліскіңіз келсе кері байланыс арқылы хат жазуларыңызға болады.