Бөлімдегі өзге де бейнематериалдар:
Шардара - Оңтүстік Қазақстан облысындағы шағын қалалардың бірі. 30 мыңға жуық тұрғыны бар қаланың 40 жылдан астам тарихы бар. Жалпы, «Шарадар» сөзі парсы тілінен аударғанда «төрт қақпа» деген мағынаны білдіреді. Сол қақпаны сіздер қалаға кіре берістен көре аласыздар. Шырайлы Шардара ауданы Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша экономикалық өсімі жағынан өзгелерге қарағанда алда келеді. Бұл 2011 жылдың көрсеткіші. Десе де, шағын шаһардың жетістігімен қоса, жетіспейтін тұстары да бар. Көпқабатты үйлердің кейбіреуінде жылу жоқ. Сарқын су ағызатын жүйе істен шыққан. Газ жеткізуде де ақау бар. Қазір аудан басшылығы бағдарлама әзірлеп, мәселені шешуге бел сыбана кірісті.
Тәңірберді Ағманұлы, Шардара аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
Бірақ сол тездетілсе. Себебі, газ келетін болса, үйлер жылынар еді. Сарқын сулардың, канализациялардың проектылары жасалып жатыр. Олар да тез орындалса, біздің қаламыз Шымкент сияқты өте шырайлы қалаға айналуға мүмкіндік бар. Өйткені, үлкен теңізіміз бар, мына жақта 40 км жақта шомылатын пляжымыз бар. Сондай жақсы жайларымыз бар.
Ауданда индустриялдық аймақ жұмыс істеп тұр. Осы аймаққа Шардара су электростанциясынан нарықтағы бағадан 3 есе төмен бағамен электроэнергия желісі тартылды. Өндіріс қарқын алғанмен, қалаға алыс-жақын жерлерден жету қиын.
Марғұлан Марайым, Шардара ауданының әкімі:
Облыс орталығынан да шалғай жатқан аудан. Осыған байланысты ең бірінші шешілуі керек мәселе - Шардара қаласына темір жол желісін алып келу, темір жол желісін тарту. Осы үлкен мәселе болып отыр. Осыған байланысты қазір тиісті министрліктермен ұйымдастыру жұмыстары атқарылып жатыр. Қазіргі таңда аэропортты дамытуға, әуе қатынасын дамытуға байланысты өте кешенді, ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Елбасының биылғы Жолдауында айтылған шағын қалаларды дамыту туралы тапсырмасы жергілікті тұрғындарды бір серпілтіп тастады. Шардараға үкіметтің шарапаты тиіп, қала одан әрі көркейе түседі деген сенімде тұрғындар.
Бақытжан ОМАРОВ
*Жаңалықтармен бөліскіңіз келсе кері байланыс арқылы хат жазуларыңызға болады.




Көшіру | pdf
