Бөлімдегі өзге де бейнематериалдар:
Бүгін Астанада үкіметтік емес ұйым өкілдері мен бұқаралық ақпарат құралдарының жетекшілері бас қосып, Елбасының «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауын ақпараттық насихаттау жөнінде пікір алмасты. Кездесуге Президент әкімішілігі жетекшісінің орынбасары Бағылан Майлыбаев, Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбай қатысты. Жолдауды ақпараттық қолдауда, әсіресе, баспасөз, оның ішінде 1,3 миллион данамен таралатын аймақтық басылымдар белсендірек болуы керек деді жиында Бағылан Майлыбаев. Сондай-ақ ол ел үшін маңызды құжатты халық арасында насихаттауда жаңа технологияларды ендіріп, ғаламтор желісінде жұмысты күшейтіп, бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысының тиімділігін арттыру керек деген ойын да айтты. Ал Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбай «мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдары арасындағы байланысты нықтаудың жаңа тетіктері енгізілетіндігін» жеткізді. Кездесу соңында Жолдауды ел ішінде ақпараттық насихаттау бойынша бірқатар ұсыныстар қабылданды.
Гүлжан МАРҚАБАЙ