01 қаңтар
06:00

Тақырып бойынша жаңалықтар

Ақмола облысынан көне жәдігер табылды. Қол айна  «осыдан – 1 мың 300 жыл бұрын құйылған», – деген тұжырым бар. Облыстық өлкетану мұражайы қызметкерлерінің болжамына қарасақ, өз заманында құнды болған бұйым көшпенділер даласына Қытайдан  «Жібек жолы» арқылы жеткен. Іле-шала мұндай жәдігер Алматы облысынан да табылды. Бірақ бұл айна емес, мөр. Көненің көзі болған тарихи дүниені Еңбекшіқазақ ауданы, Шелек ауылының мектеп оқушысы Абзал Нұрсапа арнамызға арнайы келіп көрсетті.
 
Асыл қазынаны Абзалға атасы осыдан 5 жыл бұрын аманаттаған. Диаметрі 8,5 см, дөңгелек ілгекті жәдігер тұтас қоладан құйылыпты. Алғашында түсі көкшіл тартқан. Кейін тазарта келе, көне құйманың бір беті тегіс, ал сыртқы қабаты өрнекті екені анықталады. Ішкі және сыртқы ернеулерінің ортасы шырмауық тектес өсімдік сабағымен безендірілсе, ортасында төрт арыстанның бейнесі белгіленген.
 
Абзал Нұрсапа, жәдігер иесі:
Атам Алматы қаласынан тауып алып келген. Мұны мен ойым бір мұражайға өткізсем бе дегенмін. Өткен жолы да хабарластым Президенттің бірінші мұражайына. Мен бір мұражайға өткізіп, ана табылған жәдігердің екіншісі болса деп.
 
Абзал бұл мөр жайлы бұрын ешкімге айтпай, тарихын зерттесем деп жүрді. Тек Аршалыдағы айнадан соң, өзінде барды өзгелермен бөлісіп, ұлт мәдениетіне өз үлесімді қоссам деп түйген. Алматыда табылған мөрдегі төрт арыстанның бейнесі Ақмоладағы көне құймада да бар. Қос қазынаның көлемі де бірдей. Безендірілуінде де ұқсастықтар бар. Ғалымдар таңғажайып туындыны Қытай шеберлері жасаған деп пайымдап отыр.  
 
Роза Кенжебекова, облыстық өлкетану мұражайының бөлім меңгерушісі:
Бұл айнаны Вячеслав су қоймасынан мектеп оқушылары тауып алыпты. Бұл айнаның негізгі құндылығы, бұл қытай айнасы Тан дәуіріне жатады. Біздің дәуірімідің 7-ші, 9-шы ғасырлары. Бұл айнаны зерттей келе, біз мұндай пайымдауға келдік. Яғни, 7-9 ғасырлар аралығында үлкен Жібек жолы арқылы осы айна бізге келуі мүмкін.
 
Мамандардың айтуынша, айнадағы арыстан бейнесі  әлемнің төрт бұрышын білдіруі мүмкін. Құнды дүниені соққан шебер  өмір мен  тылсым дүние  үндестігін көрсетуге тырысқан сыңайлы. Бүгінде Ақмола облыстық өлкетану мұражайында 76 мыңнан астам мұрағат бар. Көне айна енді солардың қатарын толықтырмақ. 
 
Жазира ДОСМАҒАНБЕТ
*Жаңалықтармен бөліскіңіз келсе кері байланыс арқылы хат жазуларыңызға болады.