01 қаңтар
06:00

Тақырып бойынша жаңалықтар

Биыл Шанхай ынтымақтастық ұйымының құрылғанына - 11 жыл. Осы уақыт аралығында мәртебелі ұйым мен Қазақстан арасында аймақтық және жаһандық қауіпсіздікті сақтау, экология, сауда-саттық, мәдениет жағынан маңызды істер атқарылып, бірталай келісім-шарттарға қол қойылды. Мәдениет қайраткерлері мен қылқалам шеберлері де сүбелі кездесулер өткізіп, біраз тәжірибе алмасты ұйым шеңберінде. Осындай мазмұнды терең кездесу бүгін Алматы шаһарында  өтті.
 
Бұл жолы қытай халқының мәдениет қайраткерлері мен еліміздің қылқалам шеберлері белгілі суретші Амандос Ақанаевтың шеберханасында қайта қауышты. Кездесу барысында суретшілер отбасы қонақтарға өз туындылары мен майлы бояумен салынған суреттерін көрсетті. Мұнда қиялдан туған образдар, графика стилінде салынған суреттер, көзбен көрген көріністер тізбектелген. Ал қолдан жасалған бұйымдар мен кәдесыйлар қытайлық қонақтардың еріксіз таңдайын қақтырды.
 
Амандос Ақанаев, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:
Қазақстанның қазіргі өнері қалай болып өсіп жатқаны, соның барлығын біз Қытайда көрсетуіміз керек. Біздің жақтан ең белгілі, үлкен суретшілер барады. Сол үшін біз қазір мына Қытайменен өзіміздің байланыстарымыз күшті.
 
Әсем туындылардан тамаша әсер алған шеберлер лезде сурет салуға кірісті. Екеуара әңгіме-дүкен құрып, сырласып, суреттерімен алмасты. «Бүгінгі күні мұндай пікір алысу мен тәжірибе алмасулар дәстүрге айналғандығы қуантып отыр дейді» өнер қайраткерлері.
 
Амандос Ақанаев, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:
Біздің суретшілер барып жүр, олар бізге келіп жүр, Қытайдың өте белгілі, үлкен суретшілері біздің көркем академияның мүшесі болып жүр.
 
Бүгінгі басқосуға екі елдің мәдениет қайраткерлері дән риза. «Бұл маусым айында өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті алдындағы жақсы тәжірибе алмасу» дейді. Осындай басқосулар арқылы көрші елдер біздің әсем қаламызды ғана тамашалап қоймайды. Қазақ елінің қаймағы бұзылмаған ауылы, төл мәдениеті мен тарихынан хабардар болады.
 
Әйгерім МУСИНА
 
 
 
*Жаңалықтармен бөліскіңіз келсе кері байланыс арқылы хат жазуларыңызға болады.