Бөлімдегі өзге де бейнематериалдар:
«Қыстағы мәжбүрлі демалыс созылған соң, оқушылардың үш айлық жазғы демалысы қысқарады екен» деген әңгіме кеулеп кетті қоғамды. Еліміздің бас мұғалімі Бақытжан Жұмағұлов та мұны жоққа шығармады. «Оқушылардың үш айлық жазғы демалысын қысқарту мәселесі министрлікте қаралып жатыр», – деді бір сөзінде министр. Артынша, бұл биыл болатын іс емес деп жақауратты.
Жаңыл Жонтаева, ҚР Білім және ғылым министрлігінің мектепке дейінгі және орта білім департаментінің директоры:
Білім министрлігі біздің департаментке тапсырма беріп, қазір жұмысшы тобы жұмыс жасауда. Жұмысшы тобының алдына қойған мақсаты - барлық елдерде болып жатқан тәжірибені зерттеп, тиімдісін біздің мемлекетімізге пайдалану.
Жұмысшы тобы құрылып, жұмыс істеп жатыр. Ал қоғамда кеу-кеулеген қауесет бәсеңсір емес. Бір байқағанымыз, балалардың жазғы каникулын қысқартуды жақтайтындардан, даттайтындар басым. Мысалы, Мәжіліс депутаты Камал Бұрханов.
Камал Бұрханов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Балалар жаз кезінде демалу керек. Күнге ойнау керек, суға шомылып, ауылға бару керек. Жас организм ойнауды талап етеді. Оны біз қысқартып, жаз кезінде сабақ оқытсақ, жөнді оқу да болмайды.
Мәжілісмен Алдан Смайыл да жазғы демалысты шектеуге үзілді-кесілді қарсы. Бірақ жеке ұсынысы да жоқ емес. «Егер тіпті болмай бара жатса», – дейді депутат, – «төменгі сынып оқушылары демалсын, ал жоғарғы сыныптар өз дайындықтары үшін демалысын қияр бәлкім».
Алдан Смайыл, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Бастауыш сыныптың балалары бар, 2-ші,3-ші,4-ші класс балаларын қалай енді каникулын ұрлап алып, оларды мектепке телміртіп қоюға болмайды. Ал енді 10-шы кластың, 9-шы кластың балаларын мүмкін оқытуға болатын шығар. Өйткені, олар мектепті аяқтайды, аттестат алады.
Қай елдің оқушылары қанша демалады? Америка құрама штаттарында оқушылар 186 күн оқып, 72 күн демалады, ал Финляндиялық оқушылар 190 күн білім алып, 122 күн сайран салады. Көрші Ресейде оқу жылы 227 күнге жалғасады, ал қалған 86 күн демалыс деп жарияланған. Тізімді білімімен қарулы Жапон елі тәмәмдайды. Күншығыс елінің оқушылары бір жылда 365 күн бар десек, соның 258 күнін мектепте өткізеді екен. Оларға дамылдауға 48 күн жетіп жатыр.
Камал Бұрханов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Ең жақсы система Жапон системасы деп танылады. Бірақ оны ешкім қабылдамайды. Өйткені, олардың қатаң заңдары, ЖОО-дағы тәртіптері өте қатал. Сонда шетелдік тәжірибе болғанда да оның түп тамырына қарап, халықтың менталитеті бар, тарихы, жағдайы бар соның барлығын алып, зерттеп, өзіміздің менталитетімізге, дәстүрімізге, сана-сезімімізге байланыстырып, егер сай келіп жатқан жағдайда, әрине үйренетін нәрсе көп.
Ал Қазақстанда оқу жылының ұзақтығы 204 күн. Соның өзі ұзақ көрінетіні рас біздің оқушыларға. Әліби Діллә елордадағы №65-ші мектепте 8-ынып оқиды. Биылғы жазғы демалысты ауылда, атасы мен әжесінің қасында өткізуді жоспарлап қойыпты. Сондықтан, жазғы демалысты қысқарту туралы ұсынысын қолдамаймын деп шорт кесті.
Әліби Діллә, оқушы:
Демалысты қысқартқан керек емес деп ойлаймын. Себебі, осы демалыста оқушылар өзінің денсаулықтарын нығайтады.
Ал Алматы оқушылары сурет сабағынан үйренген машықтарын министрдің ұсынысына қарсы жұмсапты. Бас мұғалім сайқымазақ суреттердің кейіпкеріне айналып шыға келді. Астар іздемей, баланың ойыны ғой деп жұмсарта салайық. «Бала көңілі далада, ана көңілі әмәнда балада». Біздегі білім жүйесі бітпейтін реформаларға киліккелі, әр жаңалыққа ата-ана алаң. Баламыздың 3 айлық жазғы демаласын көпсінудің реті жоқ дейді олар шыр-пыр болып.
Гүлден Сағындықова, оқушының анасы:
Жазғы демалыста жеміс-жидек жеуге, демалуға оңтүстікке қарай барамыз. Бұл балама жәрдеседі деп ойламаймын.
Бізде мұндай тәжірибе болған. Бұрнағы жылдары Семейдің оқушылары тамыз айында-ақ оқуды бастап көрген. Алайда, тамыздағы тәжірибе тиімді болмапты. Қысы қатты суық, жазы ыстық. Біздің баққа бұйырған климат осы енді. Ал «маусымның ми қайнатар ыстығын бала ағзасы көтере алмайды», – дейді ақ халаттылар.
Маржан Шайхсламова, дәрігер – педиатр:
Ол ыстықты көтере алмайды. Басынан күн өтеді. Сабақта отырғанда күн түседі ғой терезеден, сол баланың организмін әлсіретіп жібереді.
Семейлік ұстаздар қыста қалдырған сабақтарды қуып жетудің жолын ұсынып отыр. Ол – қашықтықтан оқыту әдісі. Яғни, мұнда ғаламтордың ғажайыбы кәдеге жарайды. Ақжол 6 сыныпта оқиды. Аяздың кесірінен, айға жақын мектептің бетін көрмеді. Бірақ «Сабақ жоқ екен» деп үйінде бос жатпады. Ғаламтор арқылы ұстаздарымен байланысып, қашықтан тапсырма алып орындап жатыр.
Ақжол Аманжолов, 6 сынып оқушысы:
Біз енді сабаққа бармай жатырмыз. Үйде отырмыз, бірталай болды сабақ болмай жатқанына. Бірақ мұғалімдер бізге ғаламтор арқылы өз тапсырмаларын береді. Сол тапсырмаларды орындаймыз үйде отырып.
Қолда болса әрине, пайдасын көрген ләзім. Ал интернеті жоқ үйдің баласына қайтпек керек? Бұл тәсілдің осындай олқы тұсы бар. Бастапқы желіге қайта оралсақ, ұсынысты бастаған мұғалімдердің бас кеңсесі әзірге үнсіз қимылдап жатыр. Жұмыс тобы, сараптаулар, қоғам пікірін екшеу секілді шаралар..Сонымен, қазақтың қара домалағы жаздың алғашқы айында пысынап кітап кеміре ме, әлде асыр салып, көшені көшіріп жүре ме? Әзірге кесімді жауабы болмай тұр.
Гүлжан МАРҚАБАЙ
*Жаңалықтармен бөліскіңіз келсе кері байланыс арқылы хат жазуларыңызға болады.










Көшіру | pdf
